Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықовтың "Ахмет Байтурсынов – учитель нации" атты кітабы жарыққа шықты. Кітаптың 3 мың данасы Мәскеудің "Художественная литература" баспасында шығарылған, деп жазады inbusiness.kz.
Бұл еңбекте Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған. Туындының орыс тілінде жарық көруінің негізгі себебі ретінде оқырмандардың санын көбейту және ұлт ұстазының шығармашылығын насихаттау екенін деп атап өтті ол.
"Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын үлкен дәрежеде өткізу туралы мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Үкіметтік іс-шаралар бекітілді. Соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, ғибраты туралы орыс тілінде кітап жарияланса деген бір тармақ та болды. Сол еңбекті аяқтап, 2-3 күн бұрын ғана Мәскеудің "Художественная литература" баспасынан еңбектің шыққан туралы хабар келіп, кітап та жетті", – деді университет ректоры.
Бұдан бөлек Елордада ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Оған АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Башқұртстан, Венгрия, Ресей елдерінің ғалымдары қатысуда.
"Бұл Ақаңның өмірі мен шығармашылығын баян еткен кітап. Бұл "Ұлы тұлғалардың өмірбаяны" бағдарында жасалған. Әрі қарай әлемнің тілдерінде аударылады деген үмітіміз бар. Қазір ахметтанушылардың жаңа буыны қалыптасып келе жатыр. Шетелде Түркияда, АҚШ-та ахметтанушылар пайда болды. Ахметтің мұрасына қызығып, ағылшын тіліне аударып, оның мұрасын қазіргі күндегі ғылымның бағытымен байланыстарын тұлғалар шықты. Бұл да арадағы көп үзіліп қалған дүниені жалғастырады", – деді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы.