Ахмет Яссауи университетінің ғалымы 3000 кітап қорын оқу орда кітапханасына сыйлады

177

Бұл – бүгін мен келешек ұрпаққа жасалған бағасы биік рухани мұра.

Ахмет Яссауи университетінің ғалымы 3000 кітап қорын оқу орда кітапханасына сыйлады Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымы, елге танымал түрколог Шәкір Ибраев оқу орда кітапханасына 3000 кітап қорын сыйға тартты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шәкір Ибраев – "Парасат" орденінің иегері, Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор. Түркітану ғылымына ерен еңбегі сіңген, классикалық академиялық мектептен өткен белгілі тұлға.

Биыл Шәкір Ибраев 75 жасқа толды, ғалымның мерейтойына орай Ахмет Ясауи университетінде "Түркология және Шәкір Ибраев зерттеулері" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл жиын оқу орнының бастамасымен әр 2 жылда өтетін халықаралық ХІ Түркология конгресі аясында ұйымдастырылды.

Ғалымның айтуынша университет кітапханасына тарту еткен кітап қорында өзінің жазған еңбектері, сонымен қатар өмір бойы жинаған, сыйға алған өзге еңбек авторлары мен ғалымдардың қолтаңбалары қойылған кітаптары бар. Оның қатарында: қазақ, түрік, әзірбайжан, өзбек, қырғыз, башқұрт, ұйғыр, татар, араб, тува, т.б тілдерде жазылған энциклопедиялар, түрлі сөздіктер, философия, фольклор, тілтану, әдебиеттану, көркем әдебиет, өнер, тарих т.б. салалардағы кітаптарды кездестіруге болады.

Сонымен қатар 1937, 1938, 1940 жылдары шыққан "Қазақ совет әдебиеті", "Әдебиет хрестоматиясы" сынды өзге де ескі басылымды кітаптар бар.

Қордың ішінде оқырмандардың қызығушылығын тудыратын өте құнды, қайта басылып шығарылмайтын ескі басылымдар көп. 

Кітапхана қызметкерлері 3000 кітапты салалары бойынша бөліп, өңдеуден өткізді. Арнайы базаға енген кітаптарды оқырмандар кітапхана сөрелерінен алып, оқуды бастап кетті.

Университет кітапханасына берілген бұл қор профессор-оқытушылар мен студенттерден бастап, өзге де оқырмандар үшін білімнің таптырмас қайнар көзіне айналды. Түркітану саласына саналы ғұмырын арнаған ғалымның жылдар бойы жинаған білім көздерін оқу ордаға сыйға тартуындағы басты мақсаты да осы еді. Осылайша Шәкір Ибраев өзінен кейінгі жас зерттеушілердің игілігі мен ғылым жолындағы бастамаларына қолдау көрсету үшін өзіндегі бар байлығымен бөлісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу