2 сәуір күні Halyk Academy білім беру жобасы аясында Halyk Bank-тің киберқорғау департаментінің мамандары Astana IT University-де студенттерге арналған қонақ дәріс өткізді. Сарапшылар қаржы секторында жасанды интеллектіні қолданудың тәжірибелік қырлары туралы ой бөлісіп, AI-дің цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі туралы айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Студенттер мен жас мамандар іс-шара арқылы елдегі ірі қаржы институтының біріндегі маңызды бағыттардың нақты жұмыс процесімен танысуына таптырмас мүмкіндік алды. Қатысушылар киберқауіпсіздік саласындағы заманауи сын-қатерлер мен шешімдер туралы тәжірибелік түсінік алды.
Әсіресе, студенттер үшін Halyk Bank-тің киберқорғау мамандары жұмыс істейтін нақты кейстер және киберқауіпсіздік саласындағы сұранысқа ие құзыреттер туралы ақпарат өзекті болды.
Halyk Academy жобасы банк тарапынан 2020 жылы іске қосылған. Ол жас IT-мамандар үшін оқыту арқылы тәжірибе жинақтап, Halyk Bank-те жұмысқа тұруға мүмкіндік беруге бағытталған.
ҚБТУ, SDU, Satbayev University, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, ҚазҰУ және AlmaU секілді еліміздің жетекші университеттерінің базасында Halyk Academy-дің co-working аймақтары мен зертханалары құрылған. Мұнда студенттер үшін білім беру ресурстары мен заманауи құралдар қолжетімді, сонымен қатар банк командасынан қолдау бар. Halyk сарапшылары қонақ дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізіп, нақты жобалар, технологиялар және банктегі мансаптық мүмкіндіктер туралы таныстырып отырады. Осылайша, Halyk білім беру саласын дамытуға белсенді түрде инвестиция құйып, елдегі цифрландырудың болашақ көшбасшыларының қалыптасуына үлесін қосып келеді.