Аида Балаева әкімдік қызметкері күш қолданған журналистке ара түсті

1667

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде осы мәселені көтеріп, тиісті шара қабылдануы керектігін мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Аида Балаева әкімдік қызметкері күш қолданған журналистке ара түсті

"Өздеріңізге мәлім, Алматы қаласы, Алатау ауданы әкімдігі қызметкерінің журналист Ақбөпе Тәңірбергенге күш қолданған теріс әрекеті  интернет желісінде қызу талқыланып жатыр. Аудандық әкімдіктің жауапты тұлғаларының бұған қатысты еш шара қолданбауы мәселені тіпті де ушықтырып отыр. Бұл әрине өте өкінішті және біздің бүгінгі "еститін мемлекет", "ашық әкімдік" қағидаларына қайшы келетін жағдай. Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек", - деп жазды министр. 

Аида Балаева журналистер өздерін қай жерде де еркін сезінуі тиіс екенін мәлім етті. 

"БАҚ өкілдері еліміздің тиісті заңнамалары мен нормативті-құқықтық актілеріне сәйкес қажетті толыққанды ақпарат алуға қай кезде де құқылы. Бұл жағдайға қатысты, Алматы қаласы әкімдігінің басшылығы қызметтік тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет деп санаймын. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс. Алдағы уақытта қай жерде болмасын, БАҚ өкілдеріне қатысты бұндай келеңсіз жағдайларға жол берілмеуі қажет", - дейді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу