ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Халықаралық волонтерлер күнімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz ақпарат порталы.
Министр құттықтау сөзінде қазіргі кезде волонтерлік қозғалыс еліміздегі қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті.
"Сіздер мәдениет пен білім, экология мен медицина, әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық салаларының дамуына үлес қосып келесіздер.
Дәл бүгін БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы Штаб-пәтерінде Орнықты даму жолындағы Халықаралық волонтерлер жылы ресми бастауын алады.
Аталған жылды жариялау туралы ұсыныс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқанын мақтан тұтамыз.
Қазақстан үшін Халықаралық жыл орнықты даму мақсаттарын іске асырудағы волонтерлердің рөліне баса назар аудара отырып "Бірге – тұрақты болашақ үшін!" ұранымен жақсылық пен бірліктің жалпыхалықтық мерекесіне айналады.
Атаулы жыл жаһандық серіктестік рухында жаңа мүмкіндіктер ашатынына және миллиондаған адамдарды тұрақты, әділ және бейбіт әлем құрудың ортақ ісіне қатысуға шабыттандыратынына сенімдіміз.
Құрметті волонтерлер!
Мемлекет сіздердің белсенділігіңізді, азаматтық ұстанымыңыз бен жасампаз істеріңізді жоғары бағалайды. Біз волонтерлік бастамаларды одан әрі қолдаймыз және даму үшін мүмкіндіктерді арттырамыз.
Барлық волонтерлерге еліміздің дамуына қосқан үлесі, табандылығы, мейірімділігі мен өз ісіне адалдығы үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің игі істеріңіз әрқашан құрмет пен қолдау тауып, адамдарға қуаныш пен шаттық әкелсін.
Сіздерге зор денсаулық, амандық, күш-қуат және қоғамға қызмет ету жолында табыс тілеймін!", – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.