Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева экс-депутат Мәди Ахметовтің жаңа қызметке тағайындалуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
БАҚ өкілі елордада өткен брифингте министрден "жастар саясаты - сіз құзырыңыздағы сала. Сіздің ойыңызша Мәди Ахметов Алматы облысының жастарына не үйрете алады?" деп сұрады.
Аида Балаева адамның кәсіби қасиеттері мен саяси көзқарасын ажырату маңызды деп есептейді.
"Менің ойымша, жеке азаматтар - сол немесе басқа партияның, қоғамдық қозғалыстың мүшесі. Сондықтан, әрине, бұл жерде кәсіби қызмет пен саяси көзқарасты ажырата білу керек. Кәсібилік тұрғысынан алғанда, Мәди Ахметов осындай жауапты қызметке шақырылғанына қарағанда білікті маман шығар", – деп жауап берді ведомство басшысы.
Еске сала кетсек, Мәди Ахметов Алматы облысы жастар саясаты мәселелер басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. 2021 жылы ол Қазақстан парламенті мәжілісі тарихындағы ең жас депутат болған. Аталған азамат мәжіліске сол кездегі Nur Otan партиясының тізімімен өткен.
Айта кетейік, 2019 жылы Мәди Ахметов бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматыда ескерткіш қоюды ұсынған еді.