Аида Балаева: ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру талапкерлерді сапалы іріктеу мәселесін толық шешпейді

Адами капиталға инвестиция жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. 

Аида Балаева: ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру талапкерлерді сапалы іріктеу мәселесін толық шешпейді Фото: testcenter.kz

Әрі бұл қағида жаңа Конституцияның прогрессивті идеяларының, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың өзегіне айналған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Бүгінде әлемнің жетекші елдерінде жаңа білім беру модельдері жасалып, халықаралық ынтымақтастық күшейіп, цифрлық жүйелер енгізіліп жатыр.

Мұндай тәсілдер оқушылардың қабілетін ерте анықтауға, таланттарды жан-жақты қолдауға, жеке білім беру траекторияларын дамытуға мүмкіндік беретін жаңа білім беру жүйесін қалыптастырады.

Нәтижесінде білім саласы тек білім берумен шектелмей, нақты дағдыларды меңгерген, экономиканың сұранысына жауап беретін мамандарды даярлауға бағытталады.
Бұл – кезекті реформа емес, сапалы жаңа кезеңге көшу.

Осы үдерісте талапкерлерді іріктеу жүйесін, соның ішінде ҰБТ-ны жетілдіру шешуші рөл атқарады, – деді Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі.

Жалпы, көпжылдық тәжірибе ҰБТ жүйесі жоғары оқу орындарына түсу кезінде ашықтықты, қолжетімділікті және бірыңғай талаптарды қамтамасыз ететін тиімді құрал екенін көрсетіп отыр. 
Десе де, әр заманның өз талабы бар екенін ескеру керек. 

Аида Балаеваның сөзінше, уақыт өте келе білім берудегі трендтер, еңбек нарығы, құзыреттер мен ережелер өзгеріп жатыр.

– Біз білім саласында кеткен кемшіліктерді анықтап, оларды түзетуіміз қажет. Атап айтсақ, ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру жүйесі талапкерлерді сапалы іріктеу мәселесін толық шешпейді.

Сонымен қатар, қазіргі кезде жоғары оқу орындары білімді, дарынды жастарды өз бетінше іріктей алмайды. Себебі мүмкіндіктері шектеулі. Бұл, ең алдымен, адами капиталды дамытудың негізгі қозғаушы күші саналатын педагогикалық жоғары оқу орындарына қатысты, – деді ол. 

Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі бірқатар шараны қабылдау қажеттігін айтады. 

Бірінші. Педагогикалық жоғары оқу орындарына талапкерлерді іріктеу кезінде тестілеу жүйесі мен арнайы емтихандарды қатар қолданатын гибридті бағалау формасын енгізу. Бұл ретте негізгі назар тек пәндік білімге ғана емес, ойлау қабілетіне, талдау дағдыларына, оқуға дайындық деңгейіне және басқа да маңызды көрсеткіштерге аударылуы тиіс.

Өйткені "педагог" – жай ғана мамандық емес. Бұл – балалармен жұмыс істейтін, үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған тұлға. Сондықтан бұл мамандық үшін біліммен қатар, сыныппен жұмыс істеу, оқушылардың ерекше қабілеттерін анықтай білу аса маңызды.

Келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ-мен қатар ауызша емтихандардың нәтижелері де ескерілмек. Бұл емтихандарда талапкерлердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдылары негізгі критерий болады. Сондай-ақ бұл мәселеде халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа Admissions Insight Test тапсырмаларына ерекше мән беріледі.

Екінші. ҰБТ-ны тұтастай жаңғыртып, оны бір рет тапсыратындай етіп бекіту қажет. Бұл грант конкурсына қатысу үшін объективті әрі ең басты баға ретінде қарастырылуы тиіс.
Сонымен қатар білім деңгейін өзін-өзі бағалау және дайындық әдістерін уақытылы түзету үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады.

Үшінші. Жоғары оқу орындарына дайындық бағдарламалары (Foundation) арқылы шартты түрде қабылдау жүйесінен бас тарту қажет.

Соңғы көрсеткіштер бойынша шартты түрде қабылданған студенттердің шамамен 50-60 пайызы оқу жылы ішінде ең төменгі шекті баллды жинай алмайды. Аида Балаеваның айтуынша, сондықтан талапкерлердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауы аса маңызды саналады. 

Негізінен, ҰБТ жүйесін өзгерту тестілеуден бас тарту емес. Бұл – дарынды талапкерлерді анықтауға, әділ іріктеуге бағытталған маңызды қадам. Мұны Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі ашық айтып отыр. 

Сол себепті, ұсынылып отырған өзгерістер білім беру сапасын арттыруға және елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу