Air Astana компаниясы ұшақ бортына кіргізбеген үшін 12 жастағы қыздың анасына 5 миллион теңге мөлшерінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты mgorod.kz порталына сілтеме жасап.
Бұл туралы адвокат Данильхан Шағатаев хабарлады.
"Сот Air Astana компаниясын Зеренің анасына (ред. – 12 жастағы қыздың анасы) 5 миллион теңге мөлшерінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді. Біз жеңдік. Жазира Мусина екеуміз әділдікке жету үшін ұзақ жол жүрдік. Басында біздің шағымымыз еленбеді, кейін бұл іс қоғамда наразылық тудырды. Бұл бірінші жағдай болмағандықтан, баланың анасымен бірге кәмелетке толмаған жолаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету бөлігінде соңына дейін баруға шешім қабылданды", – деп жазды адвокат Instagram парақшасында.
Адвокаттың сөзінше, әуекомпания сот шешімімен келіспеген жағдайда аппеляцияға бере алады.
"Біз сотта жеңдік. Әуекомпания шағымдана алады. Егер апелляция берген жағдайда, біз өз құқығымызды қорғайтын боламыз. Егер олар өтініш бермесе, онда сот шешімімен төлейтін болады", – деп нақтылады ол.
Айта кету керек, оқиға 20 шілдеде болған. Астана әуежайында 12 жасар Зере Астана-Орал рейсіне жіберілмеді, ол әуежайда жалғыз отыруға мәжбүр болған. Анасының сөзінше, қызы Оралға дейін Астана арқылы ұшуы тиіс болған.