Air Astana басшылығы апатты жағдайда қонған ұшаққа қатысты түсінік берді

1607

Компания басшылығы 11 қараша күні Португалия аспанында болған оқиғаға қатысты түсінік беру үшін арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. 

Air Astana басшылығы апатты жағдайда қонған ұшаққа қатысты түсінік берді

"Air Astana" әуе компаниясының басшылығы Португалиядағы әскери аэродромға апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған ұшаққа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Оқыс оқиғаға тап болған Embraer 190 ұшағы 2013 жылдың желтоқсанында шығарылған. Біз оны өндірушінің зауытынан алғанбыз. Оқыс оқиға болған кезде ұшақ жоспарлы техникалық қызмет көрсетуден қайтып келе жатқан еді. Әуеге көтерілгеннен соң көп кешікпей ұшақтан ақау анықталды. Ол жүргізілген жөндеу жұмыстарының салдары екені белгілі", - дейді компания президенті Питер Фостер.

Оның айтуынша, ұшақ бортында 3 пилот - 1 капитан және 2 екінші пилот болған. Оның үшеуі де Қазақстан азаматы. Сондай-ақ, екеуі қазақстандық, бірі британиялық - 3 инженер олармен бірге болған.

"Капитан Вячеслав Аушев бұлттардың арасына кіріп кетпеу үшін ұшу биіктігін арттыру бойынша барлық шараларды қолданған. Бірнеше минуттың ішінде пилоттар ұшақты толық болмаса да, белгілі деңгейде бақылауға алған. Бірақ оған дейін төтенше жағдай жарияланып үлгерген болатын. Олар бұл кезде Португалия тарапының қадағалауында болды", - деп түсіндірді Питер Фостер.

Ұшақтың жерге қонуына Португалия Әскери әуе күштерінің жойғыштары көмектескен. Әуе компаниясының өкілдері қажет болғанда ұшақты мұхитқа қондыру нұсқасы да қарастырылғанын растады.

"Жүргізілетін тексеру және оның нәтижелері біздің келесідегі техникалық қызмет көрсету орталықтарын таңдауымыз үшін ұсыныс сипатында болады", - деді компания басшысы.   

Еске сала кетейік, 11 қараша күні "Эйр Астана" әуе компаниясының Эмбраер-190 ұшағынан Португалияда техникалық қызметтен кейінгі ұшу кезінде техникалық ақау табылып, экипаж Португалияның Бежа қаласындағы аэродромға қонуға мәжбүр болған еді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу