Air Astana әуе компаниясы 25 қазаннан 27 наурызға дейін күзгі-қысқы ұшу кестесіне көшеді. Жаңа маусымда жолаушылар үшін бірнеше жаңа бағыт іске қосылып, сұраныс жоғары рейстердің жиілігі артады.
Күзгі-қысқы маусымда әуе компаниясы мына бағыттар бойынша рейстер орындайды:
Алматы – Токио (Жапония) – 30 қарашадан бастап аптасына екі рет;
Астана – Бангкок (Таиланд) – 11 желтоқсаннан бастап сейсенбі және жұма күндері;
Алматы – Лангкави (Малайзия) – 25 желтоқсаннан бастап сейсенбі, жұма және жексенбі күндері;
Алматы – Салала (Оман) – 23 қазаннан бастап жұма күндері;
Астана – Салала (Оман) – 24 қазаннан бастап сенбі күндері.
Маусымдық рейстер қайта ашылады
Бұған қоса, танымал туристік бағыттар бойынша маусымдық рейстер қайта жанданады. Алматыдан Мале қаласына аптасына алты рет ұшуға болады. Жаңа жыл мерекесі мен Наурыз кезінде рейстер саны аптасына жетіге дейін артады.
Алматы – Фукуок бағыты бойынша аптасына бес рейс орындалып, желтоқсаннан бастап күнделікті қатынас енгізіледі. Ал Астанадан Фукуокқа аптасына үш рет ұшуға мүмкіндік бар.
Танымал бағыттардағы рейстер жиілейді
Жолаушылар сұранысын ескере отырып, әуе компаниясы бірқатар бағыттағы рейстер санын көбейтеді:
Алматы – Дубай – аптасына 12 рейске дейін;
Астана – Дубай – аптасына 10 рейске дейін;
Алматы – Бангкок – аптасына 7 рейске дейін;
Алматы – Пхукет – аптасына 7 рейске дейін.
Жаңа бағыттарда Airbus A320neo және A321LR үлгісіндегі заманауи ұшақтар пайдаланылады.
Әуе компаниясы ұшу кестесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан жолаушыларға рейстердің мәртебесін Air Astana ресми сайтынан немесе мобильді қосымшадан тексеріп отыру ұсынылады.