Әуе компаниялары Үкіметке үміт артып отыр

2143

Пандемияның ықтимал толқыны жаздағыдай ауқымда өтсе, әуе компаниялары Үкіметтен көмек сұрамақшы. 

Әуе компаниялары Үкіметке үміт артып отыр

"Самұрық-Қазына" қорына кіретін Air Astana, Qazaq Air компаниялары пандемияның кесірінен алғашқы жарты жылдың өзінде 50 млрд теңге жоғалтқан. Қордың активтерді басқару және жекешелендіру жөніндегі дирекция басшысы Алмасадам Сатқалиев жағдай ушықса, қандай сценарий дайындап отырғанын айтты.

"Бүкіл әлемде әуе тасымалы үлкен қиындықтарды басынан өткеруде. Көптеген компанияның өз қызметін мүлде тоқтатқанын да білесіздер. Осыған байланысты "Самұрық-Қазына" Air Astana, Qazaq Air компанияларының акционері ретінде еншілес кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығын бақылап отырады. Коронавирустың әсері туралы айтсақ, Air Astana компаниясының бірінші жартыжылдықтағы шығыны 40 млрд теңгедей,  Qazaq Air  шығыны 10 млрд теңгедей болды. Бұл аталмыш компаниялар үшін елеулі сома деуге болады. Оның үстіне Air Astana Қазақстанның бетке ұстар тасымалдаушысы. Ондағы қызмет сапасы мен клиенттердің денсаулығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлкен маңызға ие. Сол қызмет сапасын демеп, қаржылық тұрақтылығын сақтау үшін түбегейлі шаралар қолдандық. Әуе кемелерінің флоты оңтайландырылды, еңбекақы уақытында төленіп тұрды. Бұл жерде әуе компаниясындағы 5 мың қызметкер туралы айтып отырмыз.  Үкіметтің де тиісті қолдау көрсеткені сөзсіз. Кейбір салық түрлерінің мерзімін шегеріп берді. Қазіргі таңда компаниялар теңгерімді бюджет иемденіп отыр. Әлемде жағымсыз мысалдар да бар. Егер жағдай ушығып жатса, саланың маңыздылығын ескере отырып, Үкіметтен көмек сұрау сценариін де қарастырамыз", – деді "Самұрық-Қазына" өкілі.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу