Еліміздегі алдыңғы қатарлы әуе компаниясы Эйр Астанаға айыппұл салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Халықтың демалысқа шығып, елді-елді аралайтын кезінде компания билет құнын шарықтатып жіберген. Кейін шағым көбейген соң Бәсекелестікті бақылау агенттігі мен транспорттық прокуратура тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, біраз заң бұзу фактілері анықталып, Эйр Астанаға 6 миллиард 700 млн теңге айыппұл төлеу міндеттелді.
"Эйр Астананың жанармай алымын негізсіз алуынан тұрады. Жанармай алымының мөлшері әр билеттен 5000 теңгені құрады. Сонымен қатар, тексеру аясында авиякомпанияның авиажанармай көлеміне келісім шарт жасайтыны, яғни, өзекті көлемдер туралы алдын ала білетіні анықталды. 2020 жылғы авиажанармай бағасының 3-тен 1-ге төмендеуіне қарамастан жанармай алымының бағасы қайта қаралмаған", - деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің бас консультанты Нұрхан Оразов.
Алайда, Эйр Астана соттың бұл шешімімен келіспейтіндігін және сот отырысы процессуалдық бұзушылықтармен өткенін мәлімдеді. Айтуларынша, әуе компаниясы қызметін бастағаннан бері Қазақстан Республикасының заңнамаларын бұзбадық деп отыр.