Қытайдың робототехника саласындағы жетекші әзірлеушілерінің бірі UBTECH еуропалық аэроғарыш концерні Airbus-пен өнеркәсіптік роботтарды жеткізу туралы келісім жасасты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әріптестік аясында Airbus ұшақтарды құрастырудың өндірістік циклдерінде қолдану мүмкіндіктерін зерделеу үшін Walker S2 моделін сатып алды. 2025 жылғы қарашада жаппай өндірісі басталған бұл модельдің бойы 176 сантиметрді құрайды және қуат көздерін өздігінен ауыстыру функциясымен жабдықталған.
UBTECH компаниясының мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша компанияның осындай технологиялық шешімдерге қатысты тапсырыстар портфелі шамамен 200 миллион АҚШ долларын құраған.
2025 жылы UBTECH америкалық жартылай өткізгіштер өндірушісі Texas Instruments компаниясымен стратегиялық әріптестік орнатты. Airbus-пен ынтымақтастық қытайлық әзірлеушіге шетелдегі қатысу аясын бес негізгі индустриялық сегментке дейін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Олардың қатарында авиация өнеркәсібі, автокөлік өндірісі, микроэлектроника, тұрмыстық техника және интеллектуалды логистика бар.