Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин Aitu мессенджеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ростислав Коняшкин Aitu платформасын ай сайын белсенді қолданатындар саны 1 миллионнан асатынын айтты.
"Бұл көрсеткішке Aitu мессенджерінің қолданушылары да, сондай-ақ оны жұмыс барысында пайдаланатын корпоративтік клиенттер де кіреді. Бұл Цифрлық даму министрлігі немесе қандай да бір мемлекеттік компания тікелей әзірлеген өнім емес. Біз өз тарапымыздан платформаны дамытуға қатысты кері байланыс беруге тырысамыз", – деді вице-министр.
Айтуынша, министрлік Play Market, App Store секілді платформалардағы қосымшаға қатысты пікірлерді тексерумен айналыспайды.
Спикер отандық өнімді ресейлік "MAX" мессенджерімен салыстыру орынсыз екенін айтты.
"Бізде басқа мессенджерлерге немесе шетелдік өнімдерге қатысты қандай да бір шектеу жоқ. Сондықтан әр азамат өзі қалаған платформаны таңдай алады. Ал Aitu платформасына келсек, мұнда тек мессенджер ғана емес, жаңалықтар, музыкалық контент және басқа да қосымша қызметтер бар", – деп атап өтті вице-министр.
Айта кету керек, бұған дейін Президент қазақстандықтардың ChatGPT-ге жүгінетінін, ал KazLLM-ге көшкісі келмейтінін айтқан болатын.