Ведомство қабырғасында өткен баспасөз брифингінде БАҚ өкілдері Айбек Смадияровтан Украинаның Қазақстандағы жаңа елшісі қашан тағайындалатынын сұрады.
"Украина тарапы өздерінің жаңа елшісінің кандидатурасын ұсынған болатын. Ол кандидатураны біз қазір қарап жатырмыз. Біз мақұлдамасақ, олар тағайындалмайды. Тәртіп бойынша солай", - деп жауап берді ол.
Айта кетейік, Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевский 21 тамызда қазақстандық блогер Диас Құзайырға сұхбат беріп, өзінің қызмет құзыретіне сай келмейтін мәлімдеме жасаған еді. Кейін ол ҚР Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Оның көзқарасы мен ұстанымына министрлік пен Қазақстан халқы Ассамблеясы наразылық білдірді. Артынша Петр Врублевский Қазақстаннан кетті.