Мәжілістің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев QazaqGaz-дың жұмысын қатаң сынға алды. Өндіретіні 350 млн куб, 10 мың адам жұмыс істейді. Былайша айтқан кезде айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады. Мемлекет басшысының сынынан қандай қорытынды жасады? Осы Қазақстанның өзінде газ өнімін арттыру үшін олар қандай жоспар жасап отыр?", – деп сұрады Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, министрлік компанияның геологиялық жұмыстарды өткізуіне ден қойып отыр.
"Яғни, ресурстық базаны кеңейту үшін сәйкес жұмысты геология комитетімен бірлесе жұмыс жасадық. Бұған қоса активті фаза түрінде зауыттар салынып жатыр", – деді ведомство өкілі.
Ерлан Саировтың айтуынша, бүгінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында ауылдағы ағайын тезек және көмірмен отыр.
"XXI ғасырда тезек пен көмірмен отыру деген ең ұят нәрсе деп ойлаймын. Кеше Президент ұлттық компаниялардағы кофе ішетіндердің барлығын босатыңдар деді. Мынау QazaqGaz-да 10 мың адам жұмыс істейді. Өздері 350 млн куб өндіреді. Салалық министрліктің өкілі "Шығыс Қазақстанға газды апарудың ауылы алыс" деп айтып отыр өзі. 10 мың адамды кофе ішетіндерді босатып, соның ақшасын газды тартуға жіберу керек. Бұл – халықтың ақшасы. Сондықтан әрбір қадам Президенттің тапсырмасы бойынша халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмсалуы керек деп ойлаймын", – деді депутат.