Саланы мемлекеттік қолдау мәселесіне арналған жиыннан кейін журналист сауалына берген жауабында депутат осындай ой айтты.
– Былтыр біз картоп экспортына шектеу қойғандықтан, 2024 жылы шаруалар картоп егуді 30-40 пайызға дейін қысқартып тастады. Сол себептен күзде қазып алған өнімнің мөлшері үйреншікті мөлшерге жетпей қалды. Сондықтан сұраныс мөлшері қолда бар картоптың мөлшеріне қарағанда едәуір көп. Мұның аты – дефицит. Сол себептен картоп бағасы өсіп отыр, – дейді Айдарбек Қожаназаров.
Депутат сауатты жоспар болғанда биыл картоп бұлайша қымбаттамайтын еді деп есептейді.
– Бұл жерде мәселе жоспардың жоқтығында. Неге сол кезде шектеу қойды. Себебі ұзақ мерзімге арналған көзқарас, жоспарлау жоқ. Ендігі жылы қанша егеміз, ішкі қажеттілікті толыққанды қамтамасыз ете алмай қалып жүрмейміз бе дегенді ойласа, бұлай болмаушы еді, – деді ол.