Алматы облысында агроөнеркәсіпті дамыту мәселелері талқыланды

148

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Алматы облысының тұрғындарымен және өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алматы облысында агроөнеркәсіпті дамыту мәселелері талқыланды Фото: gov.kz

Жиынға фермерлер, қайта өңдеу кәсіпорындарының, салалық қауымдастықтардың және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Министрдің айтуынша, агроөнеркәсіп кешенінің алдында ауқымды міндеттер тұр. Биыл ауыл шаруашылығы саласының өсімін 5,9 пайызға, азық-түлік өндірісін 10,5 пайызға және сусындар өндірісін 11,5 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Оның сөзінше, бұл Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған нақты қадам.

Сондай-ақ ол жыл басынан бергі алты айдың қорытындысында республика бойынша ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 104,4 пайыз болғанын атап өтті. Ал Алматы облысының әлеуеті жоғары екенін айтып, өңірдің жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жұмысты жандандыру қажет екенін жеткізді.

Кездесу барысында мемлекеттік қолдау тетіктеріне ерекше назар аударылды. Айдарбек Сапаров қаржылық қолдау мүмкіндіктері кеңейгенін айтып, көлемі 750 млрд теңгені құрайтын көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру жалғасып жатқанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен беру, қайта өңдеу кәсіпорындарын жеңілдетілген несиелеу және "Даму" қоры арқылы несиеге кепілдік беру бағдарламалары іске асырылып жатқанын айтты. Бұл шаралар шаруалардың қаржыға қолжетімділігін арттырып, қарыз қаражатының құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Жиында мал шаруашылығын дамыту мәселесі де кеңінен талқыланды. Министрдің мәліметінше, Үкімет бекіткен кешенді жоспар аясында "Игілік", "Береке" және "Жайлау" жеңілдетілген несие бағдарламалары іске қосылған. Олар асыл тұқымды мал сатып алуға, жайылым инфрақұрылымын дамытуға және шаруашылықтарды қолжетімді қаржыландыруға бағытталған.

Айдарбек Сапаров аграршыларды егіншілік пен мал шаруашылығын ұштастыратын аралас шаруашылық моделін белсенді енгізуге шақырды. Оның пікірінше, бұл тәсіл ауыл тұрғындарын жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтып, жерді тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының экономикалық тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.

Кездесу барысында агробизнес өкілдері мал және жылыжай шаруашылығын қаржыландыру, тарифтік саясат пен саладағы өзге де өзекті мәселелерді көтерді. Министр барлық сауалдарға жауап беріп, жауапты құрылымдарға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Жиынды қорытындылаған Айдарбек Сапаров министрлік алдағы уақытта да агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыратынын айтты. Оның сөзінше, басты мақсат – Президент тапсырмаларын сапалы орындау, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және аграршылардың тиімді еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау. Осы бағытта жеңілдетілген несиелеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді қолдау және мемлекеттік қолдау шараларын кезең-кезеңімен кеңейту жұмыстары жалғаса береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу