Suleimen Promotions командасының баспасөз қызметі әлеуметтік желіде Айдос Ербосынұлының телефон арқылы қазақ халқына жолдаған аудио сәлемін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Айта кетсек, 6 қарашада АҚШ-та суперорта салмақ санатындағы жекпе-жек WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін Айдос Ербосынұлы кубалық боксшы Давид Моррельмен қолғап түйістірген болатын. Бұл кездесуде отандасымыз нокаутқа түсіп, жеңіліп қалған еді. Артынша іле-шала Ербосынұлы Миннеаполис қаласындағы ауруханалардың біріне шұғыл жеткізілді. Дәрігерлер оған "миға қан кету" диагнозын қойылды. Осыдан кейін жасанды комаға жіберіліп, оған ота жасалды. Жақында оның комадан шыққаны жария болды.
"Ассалаумағалейкум, Қазақ елі! Қалдарыңыз қалай? Аллаға шүкір, тәуір болып келе жатырмыз. Біраз жекпе-жек барысында жарақат алып қалдық. Айналысып жүрген спортымыз оңай емес. Үлкен спорт болған соң мұндай жағдайлар болып тұрады. Маған дұға тілеп, тілектес болған баршаңызға Алла разы болсын. Әрдайым Сіздерді көңілімде ұстап жүремін. Рақмет!", – деді Айдос Ербосынұлы.