Айдос Сарым: Конституцияның преамбуласы – бүкіл құжаттың идеялық негізі, идеологиялық императиві

Мәжіліс депутаты бүгінгі Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында сөз сөйледі. 

Айдос Сарым: Конституцияның преамбуласы – бүкіл құжаттың идеялық негізі, идеологиялық императиві  Фото: Конституциялық сот

Ол Конституцияның преамбуласы бойынша ұсынылған өзгеріске қатысты пікірін айтқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Осы мүмкіндікті пайдаланып, тағы бір ұсыныс жасағым келеді. Кеше өз секциямызда өте белсенді жұмыс істедік. Осы орайда, Конституцияның преамбуласына қатысты тоқталмақпын. Менің ойымша, Президент болашақ Негізгі заңның преамбуласы бойынша берік идеологиялық тезистер ұсынды. Ол ұлтымыздың жүріп өткен тарихи жолын ғана емес, сонымен қатар біздің мақсатымызды, ұмтылысымызды және болашақ перспективамызды да көрсетеді, – деді Айдос Сарым.

Оның сөзінше, бұрынғы преамбула жаңадан пайда болып жатқан мемлекет пен қауымдастықтың жағдайын айқындады. Ал қазіргісі қалыптасқан мемлекеттің жауапты және мығым таңдауын білдірсе керек-ті. Бұл – өз кезегінде болашаққа және алға қарай ұмтылған жауапты қоғамның таңдауы. 

– Бұл туралы осы залда және осы мінберде көп айтылды. Конституцияның преамбуласы – бүкіл құжаттың идеялық негізі, моральдық бағдары және идеологиялық императиві. Кеше түзетулер Негізгі заңның 80 пайыздан астамын қамтитыны, бұл өз кезегінде 77 бапқа әсер еткені жарияланды. Сондықтан, осында сөз сөйлеген әріптестерім сияқты жаңа Конституцияны қабылдау мәселесін көтеру дұрыс және орынды деп санаймын, – деп қоса кетті депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу