Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі саясаттанушы Айдос Әміроллаұлы Сарымды Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы директорының кеңесшісі қызметіне тағайындады, деп хабарланды кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшасында.
"Еліміздің патриотына шығармашылық табыс тілеп, əріптес атанғанымызды жеткіземіз. Сонымен қатар, мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлттың руханияты – Ұлттық кітапхананың рухани құндылықтарынан ақпарат алып, жаңа жобалар мен мақсаттарға қанығып, әруақытта ел игілігіне жасалатын шараларымыз бен жобаларымызға қолдау көрсететінін жеткізіп кетті", – деп жазылған хабарламада.
Айдос Сарым 1976 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы қаласындағы №12 мектепті бітіргеннен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне түседі. ҚазҰУ-ді 1992 жылы тәмамдаған.