Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов 12 сәуірде "Жас Сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерімен кездесті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Кездесу барысында Айдын Айымбетов Қазақстандағы ғарыш саласының жобалары жайлы әңгімеледі.
"Қазақстанның ғарыш саласындағы ең үлкен жаңалығы – желтоқсан айында жерді жасанды зондтаудың екі спутнигін ұшыру. Әрине, қазақстандық ғарыш ғылымы дамып келеді. Елордада Ұлттық ғарыш кешені салынды. Қазір Қазақстанның алты өз спутнигі бар. "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл ұзақ мерзімді жобалардың пайдасын жақын арада көреміз деу – әбестік. Ғарышты дамытуға салынған қаражат араға біраз уақыт салып, он есе нәтижесін береді деп айтуға болады", – дейді Айдын Айымбетов.
Балаларды ғарышкерлердің немен тамақтанатыны, отрядтарға қалай кіруге болатындығы, ұшқыштар ұшу кезінде қандай ауыртпалықтарды бастан өткеретіндігіне қатысты сұрақтар қызықтырды. Сондай-ақ, Айдын Айымбетов ғарышкерлер тек қана тюбик тағамын жейтіні туралы ақпаратты жоққа шығарды.
"Бұл өткеннің еншісінде қалды. Шын мәнінде, ғарышкерлерге арналған ас мәзірі өте дәмді! Ұшу кезінде біз әр елдің ғарышкерлерімен дос болдық. Біздің рационда жапондық кальмар және американдық шоколад болды. Біз қымыз, құрт және басқа да өнімдерімізді Қазақстаннан сәлемдеме ретінде ұсындық", – деді Айдын Айымбетов.
Кездесуге қатысқан нәзік жандылар: "Ғарышқа әйелдерді неліктен сирек жібереді?" деп сұрады.
Айымбетовтың айтуынша, бұл көбінесе денсаулық пен физикалық жүктемелерге байланысты.
"Алайда, әйелдер бұрыннан ғарышқа сапар шегіп келеді. Әйелдер ұшу барысында күрделі ғылыми эксперименттерге қатысып жүр, олар экипаждың нағыз әшекейі", – дейді Айдын Айымбетов.