Бас бапкердің айтуынша, мамыр айына дейін балуандар бірнеше ірі жарысқа қатысады деп жазады Olympic.kz.
"2019 жыл қазақстандық дзюдошылар үшін жаман өткен жоқ. Біз әлемдік жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Спортшыларымыз олимпиадалық рейтингте қарқынды түрде ұпай жинауда. Былтырғы көрсеткішімізге федерация тарапынан қанағаттанарлық баға берілді. Енді биыл біздің алдымызда үлкен дода – Олимпиада ойындары тұр. Бүгінде отандық дзюдошылар олимпиадалық рейтингте ұпай жинауда. Биыл өтетін Азия чемпионаты, Гран-при, Гранд-слэм, Азия және Еуропа кубоктері додаларында рейтингілік ұпайлар таратылады. Ал мамыр айында Катарда өтетін турнирден соң, ұпай жүйесі жабылады. Демек, мамыр айының аяғында біз Токио Олимпиадасына кімдердің баратынын хабарлаймыз. Олимпиадалық рейтингте бірнеше спортшымыз жоғары орында келеді. Мәселен, 60 келіде Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев, 66 келіде Ерлан Серікжанов, 73 келіде Жансай Смағұлов, 81 келіде Дидар Хамза, 90 келіде Ислам Бозбаевтар жақсы ұпай жинады. Ал 100 келіге дейінгі салмақтағы Айбек Серікбаев пен аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаев әлі ұпай жинау үстінде", – дейді бас бапкер.
Айта кетелік, дзюдодан Қазақстан командасы Тель-Авивте өтетін Гран-при турниріне аттанады.