Өскеменде әйел адам жалған неке туралы куәліктің көмегімен ұзақ уақытқа сотталған азаматпен кездесу үшін түрмеге кірмек болған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бірнеше күнге созылатын кездесу түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың тек жақын туыстарына ғана ұсынылатыны белгілі.
"Алайда, 33 жастағы әйел адам мекеме қызметкерлерін алдап мекеме ішіне кіру үшін айла ойлап тапқан. Ол мекемеге кіруге рұқсат алу үшін неке туралы куәлікті қолдан жасап, түрменің тексеру орнындағы қызметкерлеріне ұсынған. Алайда қырағылық танытқан мекеме қызметкерлері құжаттың жалған екенін байқаған. Тексеру барысында кездесуге келген әйел адамның сотталғанның ресми түрде некеде тұрмағаны анықталды. Азаматшаның өзі бұл дерек бойынша түсініктеме беруден бас тартты", — деп түсіндірді облыстың ҚАЖ Департаментінің ресми өкілі әділет майоры Салтанат Ожиканова.