Әйелдер бизнесіне арналған 100 идея каталогы жасалды

2808

Электронды оқу құралы онлайн қолжетімді болады.

Әйелдер бизнесіне арналған 100 идея каталогы жасалды Фото: ortcom.kz

"Атамекен" ҚР ҰКП Қазақстандағы "БҰҰ-әйелдер" құрылымы және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесе отырып, бизнеске арналған идеялар топтамасын жасады. Электронды каталогта нарықтың 8 түрлі сегменті бойынша әйелдер кәсіпкерлігі үшін жүз жоба ұсынылған. Жобалар сұлулық пен денсаулық, тағам өнеркәсібі, басқа да өнеркәсіп түрлері, ауыл шаруашылығы, білім беру және тренингтер өткізу, ойын-сауық және туризм индустриясы, үй шаруашылығы, сондай-ақ тұрмыстық қызмет көрсету салаларынан тәжірибеге негізделген ұсыныстар бар.

Каталогты әзірлеушілер әр бизнесті сипаттап, нарыққа талдау жасайды, кәсіпкердің ай сайынғы табысы пен тәуекелдерін көрсетеді. Бизнесті бастау үшін қажетті қаржы мөлшері мен ай сайынғы шығындар және кірістерді нақты сандар арқылы есептейді. Сонымен қатар, каталогта маркетингтік стратегия, өндіріс технологиясы және қаржыландыру көзі жайлы да айтылады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары, Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Лаззат Рамазанова әзірленген каталог нақты зерттеулер негізінде жасалуымен ерекшеленетінін айтты.

"Іскер әйелдер кеңесін құрудағы басты мақсатымыз – бизнесі жақсы дамыған әйелдер өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіпкерлікті жаңа бастаған қыз-келіншектерді жігерлендіріп, бизнес ашуына ықпал етуі болатын. Алған бағытымыз дұрыс сияқты. Оған дәлел – биылғы жылдың ортасында Біріккен ұлттар ұйымымен бірлесе отырып, еліміздің қыз-келіншектеріне арналған жаңа бизнес идеялары топтамасын жасадық. Оны "100 жоба" деп атадық. Шартты түрде "100" деп атағанымызбен, жақсы идеялар 200 де, 300 де болуы мүмкін", – деді Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы.

Лаззат Рамазанова сөзінде әйелдер кәсіпкерлігіне қатысты статистикалық мәліметтер бере кетті: "Қазақстан халқының 52%-ы әйелдер. Бұл 9 миллионнан артық адам. Бүгінгі күні елімізде бір жарым миллионның үстінде кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Олардың 42%-ын әйелдер басқарып отыр. Ал 3 миллион адам шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жұмыс істейді. Кәсіпкерлікпен айналысу – кез келген мемлекет үшін халықты жұмыспен қамтудың және әлеуметтік мәселелерді шешудің төте жолы", – деді ол.

Нұржан Көшкін

Шағын және орта бизнес, әйелдер бизнесі, кәсіпкерлік, Лаззат Рамазанова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу