"Әйелдер, ер адамдар жанымнан өтіп жатты": Шымкентте белгісіз біреуден таяқ жеген әйелдің оқиғасы

5249

Әлеуметтік желіде Лаура есімді әйел көшеде белгісіз ер адамнан жәбір көргенін айтып, бейнежазба жариялады.

"Әйелдер, ер адамдар жанымнан өтіп жатты": Шымкентте белгісіз біреуден таяқ жеген әйелдің оқиғасы Фото: Бейнежазбадан

Видеодан еркектің еш себепсіз әйелді теуіп, оған қол көтергенін көруге болады.

Шымкент қаласының тұрғыны әлеуметтік желідегі парақшасында 13 ақпан күні белгісіз ер адамнан еш себепсіз зәбір көргенін айтты.

"Видеодағы мен. Бұл жағдай менің үйімнің жанында сағат 18:10 шамасында болды. Жай ғана тұрған едім. Соққы алып, миым шайқалды", – деп ол оқиғаға қатымсты бөлек жазба жариялайтынын жазды.

Жәбірленушінің айтуынша, ол 13 ақпан күні құрбысының туған күніне бармақ болып, гүл дүкенінен гүл шоғын сатып алады. Дүкен жанында такси күтіп тұрғанда кенет арқасынан соққы алды.

"Артыма қарасам, қоршауға сүйеніп құлап бара жатқан ер адамды көрдім. Неге екенін білмеймін, мен бір орында қатып қалдым, ештеңе айтпадым. Ол мені байқамай қағып кетті екен деп ойладым. Ол орнынан тұрып, басымнан қатты ұрды. Мен көзілдірігімнің қалай ұшып кеткенін байқамай қалдым. Ол маған сондай қорқынышты көздерімен қарап тұрды", – деп жазды әйел.

Ең сорақысы оқиға болған кезде өткен-кеткен адамдар әйелге араша түспеген. Ол айғайлап, айналасындағы адамдарды көмекке шақырған.

"Өз-өзіме келген соң "Полиция, көмектесіңдер" деп айғайладым. Сосын дүкен жаққа қарай қаштым. Полицияға хабарластым. Айналамдағы адамдардан еш көмек болмады. Әйелдер, ер адамдар жанымнан өтіп жатты. Маған ешкім назар аударған жоқ. Мен дірілдеп кеттім. Қатты жыладым. Жанымдағы адамдар менен: "Сен оған не деп қойдың?" деп сұрады. Бұл сұрақты маған үлкен тәтелер, тіпті тергеуші мен криминалист те қойды. Маған қол көтерген адам да мені тауып алып, полицияның көзінше өлтіремін деп айғайлады", – дейді жәбірленуші.

Кейін әйелге 50 жастағы ер адамның шабуыл жасағаны белгілі болды. Жәбірленуші басынан алған соққыдан кейін миы шайқалғанын айтты. Ер адамның тепкісінен кейін белі ауырып, сондай-ақ психологиялық жарақат алған.

Шымкент қалалық соты бұзақылығы үшін 50 жастағы ер адамның қамауға алынығанын мәлімдеді.

"Сотталушы 2024 жылы 13 ақпан сағат 18:00 шамасында Шымкент қаласы Нұрсәт тұрғын алабының №1 ғимаратының жанында орналасқан "Нұрсәт-2" дүкенінің алдында мас күйде еш себепсіз жәбірленушінің арқасынан аяғымен тепкен. Кейін жұдырығымен бетінен ұрып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен, сот сараптамасының қорытындысымен, іс бойынша жиналған басқа да айғақтармен дәлелденді", – делінген хабарламада.

Сот үкімімен ер адам бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Жазаны тағайындау кезінде сот сотталушының аса қатты ауыр емес бұзақылық жасағанын, өз кінәсін мойындағанын және оның істеген ісіне шын жүректен өкінгенін ескерді. Сондай-ақ сотталушының 3-топтағы мүгедек екені белгілі болды", – делінген хабарламада.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу