Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияға 25 жыл

630

Еліміз саясат пен бизнестегі нәзік жандардың үлесін көбейтуге барын салады.   

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияға 25 жыл Фото: gov.kz

Бұл туралы Қазақстан әйелдері форумында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды Atameken Business телеарнасы.

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның 25 жылдығы аясында болашаққа жоспар бекітілді. Осы аралықта Ұлттық комиссия қандай бастамалар көтерді? Биылға қойылған мақсат қандай? Тілші тарқатсын.

Бүгін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 500-ден астам нәзік жан әйелдер форумына жиналды. Іс-шараның негізгі мақсаты - қыз-келіншектердің қазіргі қоғамдағы рөлін талқылап, елдің саяси өміріне қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды көтеру.

Назгүл Мағжан, Астана қаласы әкімдігі әйелдер істері жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

Форумның басты мақсаты - бұл естуші мемлекет концепциясы аясында Ұлттық комиссия алаңын сондай бір білікті коммуникация каналы ретінде қолдану. Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның басты мақсаты - ол қоғамда болып жатқан өзекті мәселелердің басы-қасында болу және қоғамның әртүрлі өзекті мәселелерін шешуге ықпалын тигізу деп білемін. Сондықтан мұндай кеңестік комиссиялар қажет.

Форумда Ұлттық комиссия жұмысының негізгі бағыттары сөз болды. Президент жанындағы комиссия әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге алдағы уақытта да баса назар аудармақ. 25 жыл бұрын еліміздің әл-ауқатын көтереміз деген қыз-келіншектердің басын Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия біріктірген. Содан бері мыңдаған нәзік жан кәсіпкер атанып, өз істерін дөңгелетіп отыр.

Нұрлы Айтиева, Атырау облысының Әйелдер істері жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

Ұлттық комиссия деңгейіндегі бағдарламалар өңірлерге өте жақсы ынталандыру болады. Біріншіден, бұл әйелдер қозғалысы идеясының дамуы мен кәсіпкерліктің дамуы. Соңғы кездері жастардың белсенділігі де артып келеді. Әйелдердің 45 пайыздан астамы кәсіпкерлікпен айналысады.

Атырауда кәсіпкер әйелдердің үлесі 45 пайыз болса, Елордада экономикалық қызметтегі белсенді қыз-келіншектердің көрсеткіші 51 проценттен асады. Жалпы, Астана халқының жартысынан көбі - нәзік жандар. Сондықтан қала әкімдігі адами капиталды дамытуға әсіресе әйелдердің қоғамдағы рөлін көтеруге баса назар аударып отыр. Мәселен, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссия өткен жылы 50 іс-шара жүзеге асырған. Сондай-ақ, "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы 800 қызмет көрсеткен. Қазір Астанада әйелдерді кәсіпкерлікке тарту және жұмысқа орналастыру жұмысы жалғасуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу