Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау: Президент тапсырма берді

1818

Қазақстанда жыл сайын әйелдерге қатысты 2,5 мыңнан аса қылмыс тіркеледі.    

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау: Президент тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелердің штатын қалпына келтіруді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Елімізде жыл сайын әйелдерге қатысты 2,5 мыңнан аса қылмыс тіркеледі. Оның ішінде өлім дерегі де бар. Зорлық-зомбылық салдарынан әйелдер өздерін қоғамның толық мүшесі ретінде сезіне алмайды. Бұл жағдай отбасы институтына да кері әсерін тигізеді. Өзекті мәселені мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен ғана шешуге болады", - деді ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Мемлекет басшысы 1999 жылы Ішкі істер министрлігінде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғайтын арнайы бөлімшелер құрылғанын атап өтті. 

"Олар азаматтық қоғаммен тиімді байланыс орнатуы керек. Алайда мұндай бөлімшелердегі штат саны шамамен жартысына дейін қысқарды. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі жиі кездесетін аймақтарда. Бұл мәселені әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова Ұлттық кеңес отырысында көтерген еді. Сондықтан Ішкі істер министрлігіне әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер штатын қалпына келтіруді тапсырамын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы құқық қорғаушы Айгүл Орынбектің бастамасына тоқталды. Ол әйелдер мен балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстары бойынша әйел тергеушілер жұмыс істеу керегін, оларды арнайы оқыту керегін айтқан еді.

"Бұл жәбірленушілерге біржақты көзқарас дерегін болдырмауға мүмкіндік береді. ("Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры – автор) Рахым Ошақбаев маған өзге заңгерлер мен қоғам қайраткерлерінің тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату туралы хатты берді. Бұл бастама талқылануы керек. Біз тиісті шараларды заңнамалық түрде қабылдайтын шығармыз", - деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу