Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп әйелдерге арналған білім беру орталықтарын қолдау мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол өзінің депутаттық сауалында әйелдерге арналған білім, ақпараттық-консультация беру орталықтарын қолдауға шақырды.
Сенатордың сөзінше, Астанада 2021 жылдан бастап көп балалы және жалғызбасты аналарға, өмірде қиын жағдайда тап болған, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарға көмек көрсететін "Бақытты отбасы" орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық қазіргі кезде түрлі кәсіп бойынша 20-дан астам білім беру курсын ұйымдастырып, онда 2,5 мың әйел білім алған. Олардың 80%-ы өз ісін ашқан, орталық заңгерлерінің қолдауымен өтініш беріп, мемлекеттік грант ала алды.
"Бақытты отбасы" орталығы бір жағынан әйелдерді рухани, моральдық тұрғыдан қолдап, кәсіп үйретсе, екінші жағынан халқымыздың этнографиялық мұрасын жаңғыртып, жас ұрпаққа тәлім беретін таптырмас мәдени мектептің қызметін атқарып отыр. Осындай үлгідегі орталықтарды өңірлерде, әсіресе, облыс орталықтарынан көптеп ашуға қалай қарайсыз? Үкімет тарапынан арнайы гранттық көмек беруге мүмкіндіктеріңіз бар ма? Осы үлгідегі орталықтардың өнімдерін нарыққа шығаруға, қорғаныс, медицина, мәдениет салалары бойынша жүйелі тапсырыстар арқылы қалыптастыруға мүмкіндік бола ма?",- деді Нұртөре Жүсіп.