Алматыда әйелдің басын кесіп алған ер адамға қатысты қылмыстық іс апелляциялық тәртіппен қайта қаралды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Айта кетсек, алқабилер сотының үкімімен сотталушы қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.
Сонымен қатар, сотталушыдан сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым түскен.
"Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы тараптардың дәлелдері мен іс бойынша тіркелген дәлелдемелерді зерделей отырып, бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдыру, апелляциялық шағымды қанағаттандырмау туралы қорытындыға келді", – деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Басы кесілген әйелдің денесі 2023 жылдың сәуір айының соңында қараусыз ғимарат маңынан табылды, қаскөй жәбірленушінің басын дүкенге қалдырып кеткен. 28 қыркүйекте Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үйсіз-күйсіз әйелді айрықша қатыгездікпен өлтіргені үшін Асхат Иманқұсовқа қатысты үкім шығарды.