Әйелі зәбір көргенін айтқан Мақат ауданының әкімі қызметінен кетті

1461

Қылмыстық іс ақпан айында сотқа жіберілген.

Әйелі зәбір көргенін айтқан Мақат ауданының әкімі қызметінен кетті Фото: gov.kz

Атырау облысындағы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов қызметінен кетті. Бүгін Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі бұл деректі растады6 деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Ринат Ибрагимов Мақат ауданының әкімі қызметінен өз еркімен кеткен. Ол бұл лауазымына 2022 жылғы наурызда тағайындалған. Бұл тағайындауға дейін Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болған.

Ал, жақында бұрынғы әйелі Ринат Ибрагимовтен зәбір көргенін айтты. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аудан әкіміне қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабының 2-бөлігімен тергелгенін хабарлады. Қылмыстық іс ақпан айында сотқа жіберілген.

Кейін Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аудан әкімінің бұрынғы жұбайы әкімдікке жүгінбеген болып шықты.

"Азаматша А.Үмбетқалиева Атырау облысының әкімдігіне жүгінбегенін хабарлаймыз. Туындаған мән-жайларға байланысты қызметтік тексеру тағайындалды", - деп хабарлаған еді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі аудан әкіміне қатысты қылмыстық істің қаралып жатқанын растады.

"Қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотында қаралып жатыр. Келесі сот отырысы 29 мамырда сағат 10:00-де өтеді", - деп хабарлаған болатын облыстық соттың баспасөз қызметі.

Осыған байланысты Ринат Ибрагимовтің өзі түсінік беріп, пікір білдірді. Оның айтуынша, бұрынғы әйелімен ортақ балалары өзімен бірге тұрады.

"Бұрынғы жұбайымның менің атыма таққан негізсіз айыптаулары мен жалған ақпараты БАҚ-та кеңінен тарап кетті. Бұрынғы жұбайым әртүрлі әлеуметтік желіде тараған соңғы оқиғаларға байланысты менің лауазымды тұлға екенімді біле тұра, осындай мәлімдемелер жасап жатқан сияқты. Біздің ортақ балаларымыз – 2 қызым менімен бірге тұрады. Олар махаббат пен сүйіспеншілікте өмір сүруде. Мұндай шешім екі қызымның қалауы бойынша қабылданды. Бұдан басқа бұл туралы соттың заңды шешімі де шықты. Шабуыл жасады деген айыптауларға келсек, қазір сот процесі жүріп жатқандықтан, БАҚ өкілдерінен асығыс қорытынды жасамауды сұраймын", - деді Ринат Ибрагимов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу