Ал денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 қоғамдық жұмыс не 50 тәулікке қамауға алу жазасы қолданылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жаңа "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңмен" қылмыстық, қылмыстық-процестік кодекстер мен әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді.
"Қылмыстық кодекстен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық кезінде екі жақтың татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Орташа не ауыр зиян келтіргендердің бас бостандығынан шектеу деген жаза алынып тасталды. Кәмелет жасқа толмағандар үшін енді тек бас бостандығынан айыру жазасы ғана қолданылады. Алып қашу не заңсыз ұстау үшін жаза кәмелетке толмағандарға қатысты толықтыру арқылы қатаңдатылды. 16 жасқа толмаған балаларға жыныстық қатынаста тиісу және өзін-өзі өлтіруге үгіттеу бойынша
қылмыстық жаза көзделеді", — деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров.
Ең басты өзгеріс — бұдан әрі әдейі ұрып-соғуға және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге қатысты қылмыстық жауапкершілік көзделген.
"Енді денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 қоғамдық жұмыс не 50 тәулікке қамауға алу жазасы қолданылады. Егер жәбірленуші құқықбұзушыға тәуелді жағдайда болғанда тіптен бас бостандығынан 2 жылға айыру шарасы қарастырылған. Ұрып-соққаны үшін 80 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 25 тәулікке қамауға алынады", — деді спикер.
Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс бірнеше рет қайталанатын болса, іс бұқаралық айыптау ісіне айналады, сондықтан іс жәбірленуші арызын бар-жоғына қарамастан ашыла береді. Сотқа уақытша құқықбұзушыны үйден қуу шарасын тағайындауға рұқсат берілді, сонымен қатар, сот агрессорды психологиялық емдеуге жібере алады.
Әкімішілік жауапкершілікке келер болсақ, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша талаптарды орындамаған ата-аналарға қатысты әкімшілік жаза енгізілді. Одан бөлек алғаш рет буллинг, кибербуллинг пен кемсіту әрекеттері үшін жаза тағайындалатын болады. 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен күштеп шығарғаны үшін де әкімшілік жаза қолданыдатын болады.