Екінші мерзімге қызметіне кіріскеннен кейін көп ұзамай Өкілдер палатасының республикашыл мүшесі, Флорида штатының өкілі Анна Паулина Луна арнайы заң жобасын жариялап, Трамптың бас мүсінін гранитті ескерткішке ойып жазуды көтерді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алайда Рашмор тауының бас мүсіншісі Гутзон Борглум 1936 жылы-ақ "тастың құрылымдық шектеулеріне" байланысты бесінші бейнені қосу мүмкін еместігін айтқан болатын. Бұл жайт Трамп жақтастарын тоқтатпағанымен, жобаның жүзеге асуы екіталай.
Айта кетейік, Трамп бұл тақырыпқа қатысты 2020 жылы пікір білдіріп, Ақ үй көмекшілері Оңтүстік Дакота губернаторы Кристи Ноэммен хабарласты деген ақпаратты жоққа шығарды.
"Мен ондай ұсыныс жасаған жоқпын. Бірақ алғашқы 3,5 жылда қол жеткізген жетістіктерді ескерсек, жаман идея емес сияқты", – деп жазды ол X (бұрынғы Twitter) парақшасында.
Трамп – Рашмордағы Джордж Вашингтон, Томас Джефферсон, Теодор Рузвельт және Авраам Линкольннің қатарына қосылуы тиіс деп есептелген алғашқы президент емес.