Айгүл Орынбек: Көзбояушылықты доғару керек

1506

Ұлттық кеңес мүшесі өңір әкімдерінің қоғам үніне құлақ аспай отырғанын сынға алды.

Айгүл Орынбек: Көзбояушылықты доғару керек Фото: inform.kz

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері жергілікті әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссияларға енгізілуі керек. Айгүл Орынбек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа осындай ұсыныс айтты.

"Өкінішке қарай, біздің Оңтүстікте халықтың үнін тыңдайтын, жергілікті жұрттың проблемаларын жақсы білетін қоғам белсенділерінің пікірі ескерілмейді. Сенсеңіз, атқарушы орган сол айтылған проблемаларды жоюдың орнына, керісінше, бұл мәселені көтерген, халыққа жанашырлық танытқандарға қысым көрсетуде. Иә, сол мәселені көтерген өзіңмен алысып, актуалды мәселе жайында қалады. Мойындау керек, өңірімізде шешімін таппай жатқан әлеуметтік проблемалар жетіп артылады.  Ал мен білген мәселені жергілікті атқарушы билік өкілдерінің білмеуі мүмкін емес. Ендігі жерде көзбояушылықты доғару керек деп ойлаймын. Немесе қызметтік құрылымдарды, ондағы басшылық құрамды қайта жасақтау қажет", – деген қоғам белсендісі "тағы бір шындықтың" бетін ашты.

"Тағы бір шындық, "бармақ басты, көз қысты" өңірлерде кеңінен етек жайған. Мәселен, жергілікті әкімдіктердің жанынан құрылған қоғамдық әрі тәртіптік кеңестердің, комиссиялардың, ұйымдардың қызметі  көңілімнен шықпайды. Не істеп жатқандары беймәлім. Жаттанды жиналысты ғана көреміз. Ақиқатты айтудың орнына жағымпазданып, сол шенеуніктердің шашбауын көтеріп жатыр-ау деген ойға қаласың. Бұл мәселені  шешу үшін осы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерін сол  жергілікті комиссиялар құрамына  қосуды ұсынамын. Сонда сіз бен біз  атқарушы билік органдарында орын алған олқылықтардан хабардар  болар едік", – деді Ұлттық кеңес мүшесі. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу