Министрдің пайымдауынша, реформаларды жүзеге асыратын – білікті кадрлар. Сондықтан Аймағаметов оңтайлы өзгерістер үшін тәжірибелі және өзіндік жаңа көзқарасы қалыптасқан жаңа буын өкілдерін жұмысқа тартуға бекінген, деп хабарлайды іnbusiness.kz.
"Тағайындалған басшылардың басым бөлігі "Болашақ" бағдарламасының түлектері және әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алған болса, енді бір бөлігі Назарбаев Университетінде оқыған немесе жұмыс істеген мамандар. Тек соңғы үш айдың ішінде Абай атындағы ҚазҰПУ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, Қыздар ұлттық университеті, Сәтбаев Университеті, Қозыбаев Университеті сияқты жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары болып зор әлеуеті мен мол тәжірибесі бар көшбасшылар тағайындалды", - деп мәлімет таратты министр жазбасы арқылы.
Министр бұл ретте жергілікті жердегі жағдайды неғұрлым сапалы және толық ескеру үшін өңірлерде қызмет атқарып жатқан мамандарды жұмысқа белсенді түрде тартпақ. Жас көшбасшылар өз білімі мен тәжірибесін еліміздің гүлденуі жолында пайдаланып, еңбек үлестерін қосқылары келеді. Олардың әрқайсысына үлкен үміт артылып отыр.
"Біздің көздегеніміз - жаңа мамандарды жұмысқа тарта отырып, қызметте жүрген басшыларды толығымен ауыстыру саясатын жүргізу емес, қазақстандық білім мен ғылымның әлеуетін барынша күшейту үшін "жастық пен тәжірибенің үйлесім табуын" қамтамасыз ету. Жаңа көзқарасы бар жас кадрларды жұмысқа қабылдай отырып, тепе-теңдік пен ұрпақтар сабақтастығы сақталатын болады. Министрлік тарапынан іске асырылып жатқан кадрлық саясат туралы қоғамда неғұрлым толық және объективті түсінік қалыптастыру мақсатында алдағы бірнеше аптаның ішінде жаңадан тағайындалған басшылар кішігірім сұхбат береді. Сұхбат барысында жас көшбасшылар басқарып отырған ұйымдарын одан әрі дамыту бойынша жұмыс жоспарын (1), жүзеге асырылатын негізгі реформалар (2), жұмыс жоспарын іске асыру үшін жүйеге тартылатын ресурстар (3) және жаңа басшының тағайындалуынан бастап ұйымның алдағы уақытқа жоспарланған жұмыс нәтижелерімен (4) бөліседі", - дейді ол.
Осылайша, министр "кадрлық резерв" жобасы бойынша білім және ғылым жүйесінде басшылық лауазымға ұсыну үшін табысты әрі дайындығы мықты үміткерлерді іріктеуді жоспарлап отыр. Жоба бойынша іріктеу шарттары мен тәртібі туралы ақпарат жеке жарияланады.
Аян Бекенұлы