Аймақтарда бірқатар жылу электр орталықтарының тозығы жеткен

Бүгінде өңірлерде жылыту маусымы басталды. Алайда оған дайындық өз деңгейінде ме?

Аймақтарда бірқатар жылу электр орталықтарының тозығы жеткен

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдаған "Amanat" партиясы фракциясының мүшесі Бекқали Торғаев осылай мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz.

"Өздеріңізге мәлім осы жылдың наурыз айында Петропавлдағы ЖЭО-2-де апат болды. Бүгінде аталмыш өндірісте қалпына келтіру бойынша құрылысы жүріп жатыр. Алайда, өндірістегі тозған инфрақұрылымды жаңарту үшін бізде апаттық жағдай орын алып немесе адам шығыны болу керек па?", – деді спикер.

Оның айтуынша, былтыр ауа райы - 33-ке жеткенде, қыстың қақаған аязында Теміртау қаласының халқы жылусыз қалды. Оған себеп "АрселорМиттал Теміртау" АҚ ЖЭО-2-де бірден бірнеше қазандықтары істен шыққаны. Сондай-ақ, Түркістан облысы Кентау қаласындағы ЖЭО жағдайы да мәз емес. Негізгі жабдықтары тозған.

"Жылда ЖЭО-дағы жабдықтарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Кентау тұрғындары үшін де қыс мезгілінде жылудың болмай қалуы жаңалық емес. Аталған өңірге жаңа ЖЭО салу қажет пе? Қанша қаражатты талап етеді? Дегенмен, мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр", – деді Бекқали Торғаев.

Бұдан бөлек, ол өткен айда Үкіметте 2022-2023 жылдары жылыту маусымына дайындық мәселелерін талқылау барысында бірқатар өңірлерде негізгі жабдықтарды жөндеу мерзімдері сақталмайтыны анықталған. Әсіресе, 5 станцияда көмірдің нормативтік қоры сәйкес келмейтіндігі баяндалды. Олар: Семей ЖЭО-1, Риддер ЖЭО, Шахтинск ЖЭО-2, Жезқазған ЖЭО, Петропавл ЖЭО.

"Тағы бір түйткілді мәселе - энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің көп болуы. Бүгінгі таңда "ҚазТрансГаз-Аймақ" АҚ алдындағы берешек 7 млрд 353 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың "Богатырь-Көмір" ЖШС алдында жалпы сомасы 2 млрд 629 млн теңге берешегі бар. Жоғарыда баяндалған жайттарға қатысты депутаттар елдегі жылыту маусымы бойынша толық ақпарат беруді сұрайды", – деді Бекқали Торғаев.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу