Аймақтық онкологиялық орталықтар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі

433

Премьер-Министр орынбасары Алтай Көлгінов Денсаулық сақтау министрлігі, "Қазақстан халқына" қоры басшылығының қатысуымен кеңес өткізді. 

Аймақтық онкологиялық орталықтар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі Фото: ortcom.kz

Мұнда Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасы қаралды, деп жазады inbusiness.kz.

Кешенді жоспарда қаржыландыру мемлекеттік бюджет пен "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры қаражаты есебінен деп көрсетілген. Қоғамдық қор жыл сайын 50 млрд теңгеден астам қаржы бөледі деп күтілуде. Бұл қаражат жоғары технологиялық сәулелік жабдықтарды сатып алуға және онкологиялық орталықтарды жарақтандыруға, ісікке қарсы препараттарға тапсырыс беруге, мамандарды шетелде оқытуға және басқа да мақсаттарға жұмсалады.

Ақпаратқа сәйкес, еліміздің барлық өңірлері үшін онкологиялық ауруларды емдеуде ең тиімді заманауи 17 желілік үдеткішті сатып алу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар

позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ КТ) аппараты да сатып алынады.

Алтай Көлгіновтің сөзінше, өңірлік онкологиялық орталықтарға сатып алынатын жоғары технологиялық жабдықтар көмегімен облыс тұрғындарына сапалы медициналық көмек қолжетімді болмақ.

Премьер-Министрдің орынбасары аталған кешенді жоспарды қысқа мерзімде бекітуді тапсырды. Сонымен қатар осы жылдың 3-4 тоқсанында құрал-жабдықтарды сатып алу қажет екендігін де атап өтті.

Айта кету керек, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша елімізде онкологиялық аурулармен ауыратын 205 мыңнан астам науқас динамикалық бақылауға алынған. Жыл сайын республикада 37 мың жаңа жағдай анықталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу