16 наурыз бен 15 маусым аралығында 12 455 субъектінің 164,8 млрд теңге көлеміндегі несиесінің төлем мерзімі кейінге шегерілді. Үкімет отырысында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова осылай деді.
Оның сөзінше, шағын және орта бизнес субъектілерінің қарыз өтеу мерзімін кейінге шегеру жұмысы жалғасып жатыр.
"16 маусым мен 1 қыркүйек аралығында 25 млрд теңге көлеміндегі несиенің мерзімін кейінге қалдыру мақұлданды. 669 борышкердің несиесі қайта қаржыландырылды", – деді Мәдина Әбілқасымова.
Агенттік төрағасының сөзінше, 1 шілдеде шамамен 30 мың субъектінің екінші деңгейлі банктерде 3,9 трлн теңге көлемінде несиесі болған.
11 мыңға жуық субъекті кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларының жеңілдігі бойынша несие алған.
"Шағын және орта бизнес субъектілерін жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы аясында айналым қаражатын толықтыруға құны 387 млрд теңгені құрайтын 3 308 несие берілді", – деді Мәдина Әбілқасымова.
Қанат Махамбет