Батыс Қазақстан облысында "Жайық Пресс" ЖШС ұйымдастырған іздестіру жұмыстары барысында Айшуақ ханның құлпытасы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш медиахолдингтің бас директоры Жантас Сафуллиннің мәлім еткеніндей, бұдан үш жылдай бұрын Бекей Есенгелдіұлын зерттеу барысында журналист Нұртас Набиоллаұлы мен Бағдат Мəдиұлы Бекей ауылы маңында құлпытасы бар дегенді естіп, арнайы барған. Осы сапар барысында Нұртас Набиоллаұлы Бекей қорымындағы құлпытастарды да суретке түсіре келген екен. Ол оны сол кезде фейсбук парақшасына салған. Үш жыл өткенде, фейсбук есіне салғанда, бөлісіп, қайта жариялайды. Соны көрген Мұратбек қажы Жахатов мүк басқан құлпытас жазуларынан Айшуақ хан Əбілхайырұлы дегенді анық оқиды.
"Міне, бүгін Орал қаласынан 40 шақырымдай қашықтықтағы, Самара-Шымкент күре жолынан екі шақырымдай жердегі Бекей ауылы (Теректі ауданы) маңындағы қорымға қайта бас тіредік. Айшуақ Əбілхайырұлының (1727-1812) құлпытасы мүктен тазартылып, аударылып, оқылды. Былай жазылған екен:
1. Һуəл мулку əл-хаййул-лəззи лə иамут əбəдə /
2. Һəзəл мархад əл-мархум əл мағфур əл мабрур
3. Əбу əл-мұзафар уə əл-мансур саид баһадур хан
4. Айчуақ ибн хан Əбулхайыр ибн Хаджы
5. Сұлтан əлəиһи əл-ғафур əл рахим əл-ғуфран
6. Аллаһумма аджали əл-қабраһу раудатан мин риаддин əлджаннан
7. Уəлə Тəджали хафратин мин əл-нирану хафрат. Кəфə бил-мəут
8. Тарих 1227 сана 15 сəуірде рехлəт етді сексəн беш иашында (бүгінгі жыл санауымыз бойынша 1812 жылы 15 сəуірде 85 жасында қайтыс болған)
9. (Төренің таңбасы) Артқы жағы:
1 Кіші иузінің қазақ халқы ішінде
2. Хүкүмет иелеиуб ханлық ішінде
3. олуб разы м.... сінде
4. етді ...
5. хайатында екі ұғлы хан олды
6. бірі Жантөре бірі Ширғазы
7. мүшəриф астанасы тағала м.....м
8. қойыбдүр енші...
Алғазы сұлтан Айшуақ Əбілхайырұлы 1797-1805 жылдар аралығында Кіші жүздің ханы болған. Хандыққа 1797 жылы 70 жасында қол жеткізіп, 78 жасында өз еркімен бас тартқан. Орнына ұлы Жантөре хан сайланған.
Осыған дейін Ақжайық ауданынан 1795-1797 жылдары хан болған Есім Нұралыұлының жəне 1805-1809 жылдары хан болған Теректі ауданынан Жантөре Айшуақұлының құлпытастары табылған болатын. Міне, екеуінің ортасында хан болған Айшуақ Əбілхайырұлының да құлпытасы табылып, аударылды. Құлпытасты аударған Мұратбек Жахатов пен журналист Қазбек Қабжан", - деді Жантас Сафуллин.