Астананың екі тізгін, бір шылбырын 3 жарым жыл ұстап, әлдеқашан Жеңіс Қасымбекке ұстатып кетсе де әлі күнге дейін есімі елорда атауымен егіз ұғымдай бірге аталатын Көлгіновті көпшілік ұмыта алар емес. Мәжілісте қаумалаған журналистің ортасында қалған шенеунік өзінен кейінгі даулы мәселелерге "кінәлілерді іздеудің қажеті жоқ" деп ақталуға тырысты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Сонымен, Алтай Сейдірұлын астаналықтар неге жиі еске алады? Бас қалада ол қалдырған мұра қандай?
Аққу ұшып, қоқиқаз қонған Талдыкөлді тарылтқан Көлгіновтің әкім болған тұсында-ақ басынан дау арылған емес. Жемқорлықтың символына айналған, не өшпейтін, не ары қарай өспейтін ЛРТ-ға да миллиардтар бөлдіріп, оны да соңына жеткізе алмады. 2022 жылдың қарашасында Тоқаевтың алдында "LRT туралы айтсақ, жұмыс басталып кетті. Бірінші транштың ақшасы бөлінді. Біздің міндет – құрылысты аяқтау" деген. Алайда, қазіргі вице-премьер бұл сөзінде де тұрмады.
Енді, міне, көпшілік кінәліні таппай дал. Ал елордалықтар болса, шіліңгір ыстықта су қашан ақпай қалады екен деп үрей үстінде отыр. Дегенмен, Астананың бұрынғы әкімі су тапшылығы жуық арада түбегейлі шешіледі, - деп сендірді.
"Ол жұмыс аяқталды. Демек, жаңа станция жұмысы бітіп, құрал-жабдықтарды іске қосу жұмыстары жүріп жатыр", - дейді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов.
Көлгіновті көптің көңілінен шығармай тұрған тағы бір жұмысы – қаз-қатар жоспарсыз, инфрақұрылымы қарастырылмай салынған тұрғын үй кешендері. Экономист Жанат Нұрғалиевтың айтуынша, әкімдік жөн-жосықсыз берген рұқсат үшін кінәлілер жауапқа тартылуы керек.
"Көлгінов әкім болған кезде ешқандай ақылдасу деген болмады ғой. Олар өздері отырып енгізулер салып жатыр да. Қазір қарасақ кейбір үйлер заңыз салынып жатыр, жемқорлық қой", - деді экономист Жанат Нұрғалиев.
Әуелде Астанада халық саны тез өсіп кететінін білмей қалдық, деп ақталған Көлгіновке урбанистер де жөн сілтеді.
"Қазіргі күнде big data деген зат бар. Сол арқылы адам санын онлайн, күнделікті адамдардың қалаға кіріп шығуын, қозғалыстарын бақылап отыруға болады", - деді тәуелсіз урбанист Толқын Сағалова.
Жаңбыр жауса су үстінде қалқып кететін Астананың нөсер канализацияларын да ретке келтіре алмай кеткен де Көлгінов еді. Тіпті, бұл жұмыстарға 2021 жылы 11 млрд теңге бөлінген. Сондықтан белуардан су кешіп, Астананың оныз да тар көшелерін тарылтып тұрған ЛРТ жойылмай, Көлгіновті бас қала тұрғындары ұмыта қоймайды-ау...