Грэйс Бишімбаев қылмысты аффект жағдайында жасаған деп мәлімдеді.
Ол екінші рет сот процесіне кірмейтінін айтты.
“Өзіме қажет нәрсенің бәрін көрдім. Қандай жағдай болса бұдан шығарылым жасаймын. Менің пікірімше, Айтбек бұл оқиғаның коммерциялық жағына қызығып тұр. Сол себепті процесті мүмкіндігінше созып жатыр және осы оқиғадан пайда тапқысы келеді. Себебі көп адам коммерциялық негізде “хайп” деген нәрсемен айналысады”, – деді Грэйс.
Тілшілер одан “сіз Қазақстан аумағында ақпарат жинау үшін Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігіне тіркелдіңіз бе” деп сұрады.
“Мен Қазақстан аумағында сыртқы істер министрлігінде тіркелген жоқпын. Бірақ бұл маған азамат ретінде ашық дереккөздерден, әлем бойынша жүргізіліп жатқан трансляциядан ақпарат жинауға кедергі келтірмейді. Біз видео түсірдік. Ешқандай заң бұзған жоқпыз. Ұнамаса ресми органдарға жазыңыздар”, – деді Грэйс.
Сонымен қатар блогер сот залында бірнеше рет судьямен сөзге келіп қалды. Оған видео түсіруге болмайтыны ескертілді.
Сот залынан шыққаннан кейін ол журналистер отырған залға келіп, “Айтбек қарындасының өлімінен пайда тапқысы келеді” деп мәлімдеп, ойын айтуға тырысып, кей тілшілермен де сөзге келіп қалды.
Бұған қазақстандық БАҚ өкілдері наразылық білдірді. Себебі сот залына, ашық процесті түсіруге тек тіркелген БАҚ өкілдері жіберілетін. Олар Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне үндеу жасап, “БАҚ куәлігі болмаса қалай ол техникамен залға кіргенін” сұрады.
Астана қалалық ауданаралық сотының баспасөз қызметі “сіздерді естідім, жақсы” деп жауап берді.