"Айтып жеткізу қиын". Марқұм Арман Дүйсеновтің жары халыққа үндеу жасады

4697

"Тұтас елдің сүйікті перзентіне айналған Арман Дүйсеновтей азаматтың дүниеден көшкеніне жылға толуға айналды".

"Айтып жеткізу қиын". Марқұм Арман Дүйсеновтің жары халыққа үндеу жасады Фото: Әлеуметтік желіден

Елімізге танымал композитор, әнші Арман Дүйсеновтің жары халыққа үндеу жасады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Танымал композитор Арман Дүйсеновтің өмірден өткеніне бір жылға жуықтағанда оның жары Айсұлу Дүйсенова әншінің әлеуметтік желідегі парақшасын өшірмей, оны жаңғыртуды қолға алғанын мәлімдеді. Халықты қолдауға шақырған жазба композитордың парақшасында жарияланды.

"Біздің әулетіміздің ғана емес, тұтас елдің сүйікті перзентіне айналған Арман Дүйсеновтей азаматтың дүниеден көшкеніне жылға толуға айналды. Осы бір жылдың біздің отбасымыз үшін қаншалықты мұңлы, қаншалықты ауыр болғанын айтып жеткізу қиын. Әкесін іздеген ұл-қызыңның жәудіреген жанарына шарасыз күйде қараудан ауыр не бар? Осы қайғыны жан-жүрегімен сезініп, біздің қайғымызды бөліскен қалың жұртқа Алла разы болсын! Мұндай сынақты енді ешкімнің басына бермесін", - деп жазды ол.

Айсұлу Дүйсенова сондай-ақ әншінің әлеуметтік желідегі парақшасын өшірмей, қайта оны тұрақты жүргізуімізді өтініп сұрағандардың қарасы көп болғанын жазды.

"Арманның асыл бейнесі, аңқылдаған ақ жүрегі, әсем әндері талайдың жанын баурағаны сөзсіз, оны елдің іздейтіні де содан болса керек. Оның әлеуметтік желідегі парақшасын өшірмеуімізді, қайта оны тұрақты жүргізуімізді өтініп сұраушылардың да қарасы қалың. Арманның екінші өмірі жалғасқанын, оның елімен бірге жасағанын біз де қалаймыз. Сондықтан, Арманның әлеуметтік парақшасын қайта жаңғыртқанды жөн санадық. Мұнда Арманның әндері, композициялық шығармалары, жасаған бағдарламалары жарияланады. Бұл жұмыстарға сіздердің де көмектеріңіз тиеріне сенеміз. Осылайша Арманның асыл бейнесі бәрімізбен бірге жасайтын болады. Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін", - деп жазды ол.

Айта кетсек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, продюсер әрі тележүргізуші Арман Дүйсенов 2023 жылдың басында дүниеден өткен болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу