Қарағанды облысының тұрғындары теміртаулық таныстарын қомақты ақша үшін өлтіріп, мәйітін бетондап тастаған, деп хабарлады Liter.kz.
Қаскөйлердің құрбаны болған Алексей Руколь Ресейге ақша табуға бара жатқан. Ол өзінің пәтерін сатып, ақшаны банк карточкасына сақтаған.
Алексей Жаңа жыл мерекесін таныс отбасының үйінде қарсы алады. Онымен бірге қонаққа тағы бір жігіт келген. Мерекелік дастархан барысында Алексей Руколь таныстарына өзінің карточкасында жарты миллионнан астам теңге жатқанын айтқан. Осыдан кейін оның таныстары Алексейді өлтіріп, ақшасын тартып алуды ойлайды.
Олар оған ішімдікті шектен тыс мөлшерде ішкізіп, тұрғын үйдің жертөлесіне әкеледі. Кейін Алексейді қинап, одан карточкасының пин-кодын айтуды талап етеді. Қылмыскерлер дегеніне жеткеннен кейін, Алексейді өлтіріп, мәйітін бетондап тастаған.
Бір айдан астам уақыттан бері Алексей Руколь іс-түссіз жоғалғандардың қатарында болған. Алайда полиция қылмыскерлерді анықтап, оларды қолға түсірген.
Аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі азамат айыпталды.
25 маусымда сотта олардың кінәсі дәлелденді. Судья қылмыскердің біріне 20 жыл, ал екіншісіне 19 жыл берген. Сондай-ақ олардан 1 млн 395 мың теңге көлемінде материалдық шығын өндіріледі.