Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Галиева валюта айырбастау пунктерінде клиенттердің жеке басына қатысты мәлімет не үшін тіркелуі керектігін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Қаржылық қызмет көрсететін барлық ұйымдар, оның ішінде ақша айырбастау пунктері қаржылық мониторингтен өтеді. Заң бойынша қаржылық операция жүргізетін барлық мекемелер валюта айырбастау кезінде клиенттің жеке басына қатысты мәліметтерді тіркеуге тиіс. Халықаралық қоғамдастық заңсыз ақша айналымы мен терроризмді қаржыландыруға қарсы қатаң талаптар мен стандарттарды бекітті. Осыған сәйкес, қаржылық операция жүргізетін кез келген тұлға тексерілуі керек. Клиенттердің жеке басына қатысты мәлімет қауіпсіздік үшін талап етіледі", – деді бас банк төрағасының орынбасары.
Еске сала кетсек, таяуда қаржы реттеушісі валюта айырбастау пунктерінің қызметіне қатысты қаулы жобасын әзірледі. Онда клиенттің құжатта көрсетілген аты-жөні, нөмірі, берілген күні мен жарамдылық мерзімі сондай-ақ, жеке сәйкестендіру нөмірі мен заңды мекенжайы журналға тіркелуге тиіс деген бастама көтерілген.