Қазақстанда алтын құймаларды саудалау құқығын айырбастау пункттеріне беру бастамасы қарастырылып жатыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев БАҚ редакторларымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды naryk.kz.
"Біз құймаларды саудалау құқығын банктерге ғана тиесілі етіп қалдырмай, заңды тұлғаларға да — айырбастау пункттеріне де беру идеясын қарастырып жатырмыз. Олар алтынды шетел валютасы сияқты бағасын белгілеп, сатып алу және сату бағасын таблоға шығарып тұрады", — деп атап өтті ол.
Қазақстанда халыққа арналған бағалы металдар нарығында алтын және күмістен жасалған монеталар және жаңа өнім алтын құймалар бар.
Ақышевтың айтуынша, монета шығармашылық құндылығы тұрғысынан тартымды, нумизматтар үшін қызықты. Оны жинауға болады.
"Алтын құйма адамның бағалы металды жинағысы келетіндігін ескере отырып жасалды, тиісінше біз алтын құймалар бағдарламасын іске қостық", — деп хабарлады ол.
Ұлттық банк басшысының пікірі бойынша, құны миллион теңгеден асатын 100 грамдық құйма халық үшін барынша қымбат өнім болып табылады. Бірақ оған қарамастан, 100 грамдық құймаға сұраныс көп. Қазіргі кезде Ұлттық банк үш айда 900-ге жуық құйма немесе 24-25 келі алтын сатты.
"Астанаға және Алматыға қарағанда кейбір өңірлерде алтын құймаларға қызығушылық жоғары. Мысалы, Өскеменде үлкен серпін байқалады, ол жақта өнеркәсіп кәсіпорындары көп және халық металдарды жақсы біледі", — деді ол.