Мақтаарал ауданында "Ақ керуен-2017" мақта терімінің ашылу салтанаты өтті. Мерекелік шарада ақ алтын бағасы анықталып, мақтаны қабылдау бекеттері алғашқы өнімді тоннасын 165 мың теңгеден қабылдай бастады, деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жерді өңдеудің жаңа әрі тиімді тәсілін қолданудың нәтижесінде Мақтааралдағы 95 мың гектар жерге себілген шитті мақтадан орташа есеппен гектарына 21-24 центнерден өнім алу көзделіп отыр. Бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 15 мың тоннадан астам ақ алтын келіп түскен болса, диқандар терім біткенше 200 мың тонна ақ ұлпа жинап алуды жоспарлауда.
Биылғы мақта келісінің бағасы — 165 теңге. Бәсекелестік ортада мақтаның бағасы 200 теңгеге дейін көтеріледі деген болжам бар.
Жалпы биыл Оңтүстік Қазақстанда 134,6 мың гектар жерге мақта шиті себілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артық. 2016 жылы шаруалар әр гектарына орташа есеппен 26,2 центнерден өнім алып, барлығы 286,4 мың тонна ақ ұлпа жинаған. Егіс көлемінің артуына байланысты өңірде 300 мың тоннадан астам мақта жиналады деп жоспарлануда.