Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бір қола медальмен жалпы есепте Италиямен бірге 16-шы орындарды өзара бөлісіп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, кеше фристайлшы Юлия Галышева ел қоржынына алғашқы қола медальды салды. Соның нәтижесінде Қазақстан Пхенчхан Олимпиадасында медаль алған мемлекеттер арасында 16-шы орынды Италия құрамасымен өзара бөлісіп тұр.
Дәл қазіргі көрсеткіш бойынша, бірінші орында Германия құрамасы келеді. Олардың еншісінде 4 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль бар. Екінші орында - Нидерланды елінің спортшылары. Олардың қоржынында 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль болса, үздік үштікті Норвегия командасы 2 алтын, 4 күміс, 3 қола медальмен түйіндеді.
Сонымен қатар төртінші орында 2 алтын, 4 күміс, 1 қола медальмен Канада құрамасы келе жатса, үздік бестіктен 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен АҚШ көрінді.
Айта кетейік, Олипиада ойындарына Қазақстаннан 46 спортшы 57 жолдама жеңіп алған болатын. Олар биатлоннан - 10, мәнерлеп сырғанау - 3, шорт-трек - 12, конькимен сырғанау - 12, шаңғы жарысы - 7, фристайл-могул - 4, фристайл-акробатика - 5, тау шаңғы спорты - 2, трамплиннен секіру - 1, шаңғы спорты - 1 бар. Ал төртжылдық додада спорттың 15 түрінен 102 медаль жиынтығын сарапқа салады. Жарыс 25 ақпанда өз мәресіне жетеді.