АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлттық гвардияның әскери қызметкері, 20 жастағы Сара Бекстромның алған жарақатынан қаза тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Ұлттық гвардияның тағы бір жарақат алған сарбазы, 24 жастағы Эндрю Вульфтың жағдайы ауыр екені белгілі болды. Сәрсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 14:00 шамасында Вашингтон орталығында әскери қызметкерлерге жақын қашықтықтан оқ тиген. Полиция оқиғадан кейін күдіктілердің бірін, 29 жастағы Ауғанстан тумасы Рахманулла Лаканваны ұстады.
Дональд Трамп сарбаз Сара Бекстромның қаза тапқанын бейсенбі күні растады. Ақ үй басшысы Алғыс айту күніне орай америкалық әскери қызметшілерге үндеу жасаған болатын.
"Батыс Вирджиниялық Сара Бекстром – құрметке ие, жас, керемет әйел. Ол 2023 жылдың маусымында әскери қызметке келді. Өзін барлық жағынан жақсы көрсете білді. Ол қазір ғана көз жұмды. Енді ол біздің арамызда жоқ", – деді АҚШ президенті.
Бас прокурор Пэм Бонди Fox News арнасына берген сұхбатында марқұм Сара Бекстромның Алғыс айту күні өз еркімен жұмысқа шыққанын айтты. Ұлттық гвардияның сарбаздары Сара Бекстром мен Эндрю Вульф Вашингтонның орталығындағы адамдар көп жүретін орындарды патрульдеген.
Атыс болған орын Ақ үйге жақын маңда орналасқандықтан, оқиға орнына арнайы қызметтер жедел жеткен. Олар жарақат алған екі сарбазға алғашқы көмек көрсетуге тырысып, күдіктіні ұстаған.
CBS News хабарлауынша, күдікті ұсталған кезде төрт рет оқ жарақатын алған.
Айта кету керек, бұған дейін Трамп Ақ үйдің жанындағы атысты теракт деп атағанын жазғанбыз.