Джо Байденнің әкімшілігі бұғатталған ресейлік активтердің бір бөлігін тәркілеуге және оларды Украина елін қалпына келтіруге бағыттауға мүмкіндік беретін заң идеясын қолдайды. Бүгінгі таңда, АҚШ-тағы ресейлік ақшаның жалпы сомасы 300 миллион долларды құрайды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Негізінен, әкімшілік бұл қаражатты тәркілеуге мүмкіндік беретін заң жобасын құптайды", - делінген АҚШ Сенатының халықаралық қатынастар жөніндегі комитетіне жіберілген Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің (ҰҚК) қарашадағы меморандумында.
"Заң жобасы атқарушы билікке Ресейдің егемендік активтерін Украинаның пайдасына тәркілеу үшін қажетті өкілеттіктерді береді", - деп түсіндірілді АҚШ Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің (ҰҚК) жазбасында.
Байден бұл қадамды қолдады. Себебі, Конгресстегі республикашылар Украинаны қаржыландыруға 60 миллиард доллардан астам қаражат бөлуге тосқауыл қойған. Алайда, Вашингтон ішінара тым көп қаржылық ауыртпалық түсіріп жатыр деп қауіптенеді. Сондай-ақ, әкімшілік бұл шараны G7 ("Үлкен жетілік") елдерінің одақтастарымен, әсіресе 200 миллиард долларға жуық тыйым салынған ресейлік активтер сақталған Еуропаға үйлестіргісі келеді.
Әкімшіліктің жоғары лауазымды шенеунігінің айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік кеңесі АҚШ Ресейді соғыстан келген шығынды төлеуге мәжбүрлеу үшін қарастырып жатқан бірқатар құралдардың бөлігі ретінде жаңа өкілеттіктерді қолдайды. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Украинаны қалпына келтіру шамамен 411 миллиард долларды құрауы мүмкін.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Ресей активтерін тәркілеу туралы заң жобасын әскери операция басталуының екі жылдығына аз уақыт қалғанда, G7 "Үлкен жетілік" саммитінде талқылау жоспарланып отыр.