Ақ үй Ресейге қарсы санкцияларды жеңілдету мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Вашингтон Мәскеуге қарсы санкцияларды жұмсарту мүмкіндігін қамтитын жоспар әзірлеп жатыр. Дональд Трамп Владимир Путинмен қарым-қатынасты қалпына келтіріп, Украинадағы соғысты тоқтатуға тырысуда.
Ресурстың хабарлауынша, Ақ үй Мемлекеттік департамент пен Қаржы министрлігіне жеңілдетілуі мүмкін санкциялардың тізімін дайындауды тапсырған. Бұл тізім алдағы күндері келіссөздер аясында Ресей өкілдерімен талқыланады деп күтілуде.
Вашингтонның осы шешімінің орнына не талап ететіні әзір белгісіз.
АҚШ президентінің бұрынғы әкімшілігі Ресейдің 2022 жылы Украинаға басып кіруіне жауап ретінде қатаң санкциялар енгізді. Биылғы қаңтарда қызметіне кіріскен Дональд Трамп соғысты тез аяқтауға уәде беріп, Мәскеумен келіссөздерді қайта бастады. 12 ақпанда Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Ал кейін Сауд Арабиясы мен Түркияда АҚШ пен Ресей өкілдері кездесті.